вторник, 17 сентября 2013 г.

Өлеңнен дауа іздеген аяулы ақын

2013 жылы Қазақстанда жаппай оқу үшін Фариза Оңғарсынованың «Дауа» атты өлеңдер жинағы таңдалды.
Қазақстанда «Бір ел – бір кітап» акциясы жетінші рет өтіп отыр. Оны ұйымдастырушылар - Мәдениет және ақпарат министрлігі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы, Кітапханалар ассоциациясы, Оқу бойынша қазақстандық ассоциация, Қазақстанның жастар конгресі. Акцияның мақсаты – оқу мәдениетін қолдау және дамыту, тарихи-мәдени және рухани мұраны сақтау, ана тілге ұқыпты қарау. Акцияға қатыса отырып, көптеген қазақстандықтар ұсынылған кітаптарды оқып, олардың авторларының өмірбаянымен және шығармашылығымен танысу қажет деп санайды.

2013 жылы жаппай оқуға арналған кітап Ұлттық академиялық кітапханада акцияны ұйымдастыру комитетінің отырысында анықталды. Отырыс жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әкім Таразидың басшылық етуімен өтті.
Отырысқа қатысушыларға кітапхана ісі мамандарының арасында өткізілген сауалнама қорытындысы бойынша құрылған шығармалар тізімі ұсынылды. Ол тізімнің ішінде Ғабит Мүсіреповтің «Ұлпан» романы (бұл шығарманы біздің кітапхана ұсынды), Сайын Мұратбековтің «Басында Үшқараның...» әңгімесі, Сәкен Сейфуллиннің, Фариза Оңғарсынованың поэзиясы, Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамал» романы, Мұқағали Мақатаевтың лирикасы, Сәкен Жүнісовтің «Ақан сері» романы, Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романы, Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасы, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы болды.
Ұйымдастыру комитетіне қатысушылардың көбі Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Фариза Оңғарсынованың поэзиясына дауыс берді, ал акция кітабы ретінде ақынның «Дауа» атты лирикалық өлеңдер жинағы ұсынылды.
Фариза Оңғарсынова – Қазақстанның оқырманы көп авторларының бірі. Ақын шығармашылығының негізгі тақырыптары – махаббат пен жек көру, қайсарлық пен қорқақтық, жақсылық пен зұлымдық. Өлеңдерінің көбін ақын өзінің туған ауылына, өз жерлестері мен барша қазақстандықтарға арнады. Фариза Оңғарсынованың шығармаларына әлеуметтілік пен азаматтылық тән, ақын өлеңдері адамды өз ұлтын, дәстүрлері мен мәдениетін сүюге және құрметтеуге тәрбиелейді. Фариза Оңғарсынова республикалық әдеби-көркем «Тұмар» журналының бас редакторы, жас қаламгерлерге қолдау көрсетеді.
Акция ресми түрде қыркүйек айында өтеді, бірақ акция бағдарламасы бойынша жұмыстар осы бастан-ақ атқарылып жатыр. Жыл бойы еліміздің басты кітапханаларында, сондай-ақ облыстық, аудандық және ауылдық кітапханаларда, түрлі ведомстволардың кітапханаларында Фариза Оңғарсынованың шығармашылығына арналған шаралар өтеді. Олар өткізілетін формасына қарай алуан түрлі болады: сынып сағаттары, әдеби кештер, кітап бойынша фильмдер көрсетіп, талқылау, жазушылармен, актерлермен кездесулер, телемарафон, клубтардың отырыстары, сахналау, спектакльдер және т.б. Қазірден бастап кітап көрмелері ұйымдастырылып жатыр.
Петропавл қаласының және облыс кітапханалары солтүстікқазақстандықтарды кітап көрмелерімен танысуға және тақырыптық кештерге, әдеби клубтардың отырыстарына, библиографиялық шолулар мен оқу марафондарына, әдеби пікірталастарға және «Бір ел – бір кітап» акциясының басқа да шараларына белсене қатысуға шақырады.

Бейбітгүл ӘБІЛМӘЖІНОВА,
С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың директоры 

Комментариев нет:

Отправить комментарий